Бірде ислам ғұламасының алдына арызын арқалаған әйел келеді:
– Екі жыл бұрын сіз күйеуіміз екеуміздің некемізді қиған болатынсыз. Енді бізді ажырастыруыңызды сұраймын. Мен енді онымен тұрғым келмейді. Имам:
– Сіздің ажырасуға деген ниетіңіздің себебі неде?
– Барлық әйелдердің күйеуі уақытында үйге қайтады, ал менің күйеуім үнемі кешігіп келеді. Сол себепті, үйде күн сайын ұрыс-керіс болады. Тамыр-таныстың, көрші-қолаңның күйеулеріне қарасам, әйелдерін алақанына салып отырғандай, біреуінің ұрсысып жатқанын көрмейсің. Осылайша, жұрттың күйеуіне қарасам, өз күйеуіме суып қала беремін. Оны қашанға дейін күтумен болмақпын?
Әйелдің сөзіне таңғалған ғұлама:
– Сонда себеп тек осында ғана ма?
Әйел:
– Иә, мен мұндай кемшілігі бар адаммен өмір сүргім келмейді,-деп жауап қатады. Аз ойланған кісі:
– Қалауыңыз сол болса, ажырастыруға болады, бірақ, менің қояр шартым бар. Қазір үйіңізге қайтыңыз да, маған дәмді бәліш пісіріп әкеліңіз. Алайда, тәттіні пісірерде үйіңізден тұз да, су да, ұн да алмаңыз, барлығын көршілеріңізден сұраңыз. Сондай-ақ, оларға өз өтінішіңіздің себебін жақсылап түсіндіріңіз,-дейді.
Әйел үйіне жетісімен дереу іске кіріседі. Көрші әйелге барып:
– Рұқия, маған бір шыны су беремісің?
Ол:
– Сендерде су таусылып қалды ма? Аулада ағып жатқан жоқ па?
– Су бар ғой... Мәселе мынада, мен бүгін имамға барып күйеуіме шағым айттым. Бізді ажырастыруды сұрап едім, маған осындай тапсырмасын берді.
Көрші әйел мұны ести сала «Сен менің күйеуімді білсең ғой...» деп жарын жамандай бастайды. Рұқияның жан айқайына қаныққан соң, тұз сұрамақ болып, Әсия деген көршісінің есігін қағады. Ол:
– Бір қасық дейсің бе? Тұзың бітіп қалды ма?
– Тұз бар ғой... Мәселе мынада, мен бүгін имамға барып күйеуіме шағым айттым. Бізді ажырастыруды сұрап едім, маған осындай тапсырмасын берді.
Әсия сөзінің соңын тыңдамастан «Ал сен менің күйеуімді білсең ғой...» деп барлық өкпе-назын жайып салады. Осылайша, қандай әйелге барса да күйеулерін жамандағанын естиді. Ақырында, үлкен дәмді нан пісіріп, имамның алдына қайта келеді:
– Сізге мың алғыс! Менің еңбегімді отбасыңызбен бірге бағаларсыз. Бірақ күйеуіммен ажырастырамын деген ойдан бас тартыңызшы...
– Айналайын, қызым, неге олай дедің?,-дейді имам.
Әйел шаттана:
– Менің күйеуім бәрінен де жақсы екен..,-деп жауап беріпті.